Мұғалім-мәртебелі мамандық десек те, қазіргі таңда бұл мамандықты ұнатушылар да, таңдаушылар да азайып бара жатыр. Жұмыстың жылдан-жылға көбеюі, қағазбастылық, оқу бағдарламасының жиі өзгеруі,жөнді-жөнсіз қоғамдық жұмыстарға тартылу, ата-аналар тарапынан қолдаудың жетіспеушілігі- осының бәрі мұғалімдер еңбегін қиындатып жіберді.Мұны көріп-біліп жүрген жастар басын алып қашатыны анық. Ал бар саналы ғұмырын мектепте өткізіп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруді міндетім деп санайтын мұғалімдер де елімізде баршылық.Олар қандай қиындық болса да мойымай, барға қанағат етіп, алдағы күннен жақсылық күтеді.
Мұғалім әр шәкіртінің жетістігіне қуанады, содан қуат алады. Еңбегінің еш болмағанын, үмітінің ақталғанын сезіну- мұғалім үшін үлкен бақыт.
Сондай бақытқа, қуанышқа Бексейіт орта мектебінің мұғалімдері бөленді.Сәуір айының соңында 10-сынып оқушысы Балағанова Ажар Өскемен қаласында өтетін қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаға аттанған болатын . Шәкіртіміз ұстаздарының , ата-анасының сенімін, үмітін ақтап, әр облыстан барған үздіктердің ішінен суырылып шығып, жүлделі 3-орынды иеленіп қайтты.Бұл-біз үшін көптен күткен қуаныш еді, облыстық сайыстардан жүлделі орындар алып жүрміз, ал республикалық додаларға қатысудың сәті түспей жүр еді.Биыл сол сәт туып, шәкіртіміз де мүмкіндікті жібермей, жүлдемен қайтты.Арман болған республикалық олимпиаданың жүлдесін әкелген шәкіртімізге шексіз ризашылығымызды білдіре отырып, алда да алар асулары, бағындырар биіктері көп болсын деп тілейміз.
Текебасова Рауза Болатқызы
Бексейіт орта мектебінің мұғалімі