Мың алғыс саған, ұстазым!
«Бір әріп үйреткен ұстазыңа қырық жыл құрмет көрсет»,-дейді халық даналығы. Осындай құрметке лайық ұстаздың бірі, бірі емес бірегейі алғашқыда Кеңес орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,кейіннен 20 жылдай мектеп директоры қызметін атқарып
келе жатқан алғашқы ұстазым Базарбекова Балапан Қайнашқызы.
Ол бар саналы ғұмырын Кеңес орта мектебінің гүлденуі мен өркендеуіне жұмсады. Бұл ұстаздың алдынан талай ұстаз білім алды, тәжірибесін шыңдады. Балапан Қайнашқызы берген тәлімі біздер сияқты білімге құштар оқушыларға зор қазына болды. Ол кісінің сусындатқан білімінен әлі нәр алып келеміз. Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымнан ақ жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді алғашқы ұстазымның бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі.Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын ұстатқан, алғаш әріп үйреткен-менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым –Базарбекова Балапан Қайнашқызы! Ол ешкімге ұқсамайтын еңбекқор, білімді, мейірімді жан. Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол- алғашқы ұстаз! Алғашқы ұстаз - әр адамның санасында мәңгілік сақталатын, өмірінің соңына дейін бас иіп өтетін ардақты да, қасиетті ұлы тұлға! Білім негізі бастауышта қаланады дегендей, менің де саналы білімім мен тәрбием бастауыш сыныпта Балапан Қайнашқызының алдынан қалыптасты.Бұл кісінің әрбір айтқан саналы тәрбиесі мен сапалы білімі тайға таңба басқандай жадымда мәңгіге сақталды.Заман талабына сай білімді,тәрбиелі Ұлы Даламыздың туын көкке желбіретер,Мәңгілік Еліміздің патриоты болып қалыптасуымызға шыңдады. Асыл ұстаз ақ тілеулі ана тәрізді, бұлақ көрсе, көзін ашып, шәкірті өзінен асып түссе, көңілі толып, өз өмірін өзгеге арнағаны үшін шаттанатын шалқар пейіл ел ұйытқысы.Ендеше,бүгінде өз ұстазымның жолын қуып,ұстаздық мамандықты таңдап, 2011 жылдан бері өзімнің сүйікті мектебімде информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін.Биылғы оқу жылында оқу ісі меңгерушісі болып тағайындалдым.Осы жетіп жатқан жетістігімнің бәрі Балапан Қайнашқызының өлшеусіз берген білімі мен тұңғиықтай терең тәрбиесінің арқасы деп білемін.Арнаймын өзіңізге ұстаз мың алғыс! Мәңгі сіздің алдыңызда бас иемін! Бейнетіңіздің зейнетін көрер жасқа жеттіңіз, мерейлі 58 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл өмірдің бұлтарысы көп, бұралаң ұзақ жолында таңдаған мамандығыңыздың қыры мен сырын шебер меңгеріп, бүгінде Кеңес орта мектебінің басшысы лауазымында қалтқысыз қызмет атқарып келесіз. Өзіңіз басқарып отырған мектеп ұжымы Сізді үлкенге ілтипатты қарындас, кішіге қамқор апа болып, қатарластарыңызға адал дос бола білген ізгі жүректі құрбы, еңбекте беделді маман, абыройлы жетекші, әділдігі жарасқан білікті басшы ретінде үлгі тұтамыз. Өзіңізге қонар бақтың баяндысын, бітер дәулеттің көл-көсірлігін, келер ырыстың көп болуын, жүрек гүлінің мәңгі солмауын, шаңырағыңызға шаттықтың орнауын, Тәңірдің шексіз қолдауын тілеймін! Әрқашан осы жігерлі, қуатты қалпыңыздан таймай, әлі де талай асулардан аса беріңіз!
Ізгі тілекпен
шәкіртіңіз,әріптесіңіз
Мұхамедин Сырым Қойшыбайұлы